Павлодарда иесі жоқ 205 нысан анықталды

707

Павлодарда иесі жоқ 205 нысан анықталды

Павлодарда тексеріс барысында иесі жоқ 205 спорттық нысан анықталған. Бұл туралы қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Қабиев айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Спикердің ақпаратына сүйенсек, облыс орталығында көптен күткен тексеріс өткен. Нәтижесінде бөлім қызметкерлері қалада 19 хоккей корты барын анықтады. Оның 13-і "Ертіс" спорт клубы МКҚК-ның, төртеуі "Балалар-жастар спорт орталығы" МККҚ-ның балансында тұр, ал екеуінің иесі жоқ. Сонымен қатар, Павлодарда 82 шағын футбол алаңының 33-і "Ертіс" спорт клубының, алтауы балалар-жастар спорт орталығының  иелігінде және 43-інің иесі жоқ. 146 стритворкаут пен белтемірдің 51-і "Ертіс" спорт клубына, біреуі  балалар-жастар спорт орталығына қараса, 94-і ешкімнің балансына тапсырылмаған. 146 баскетбол, стритбол және волейбол алаңдарының 66-сы "Ертіс" спорт клубы мекемесіне, 14-і балалар-жастар спорт орталығына тиесілі және 94-інің иесі жоқ. Олардың басым бөлігі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Депутаттар бюджеттік қаражатпен құрылған нысандардың бүгінде бақылаусыз, иесіз қалғанына алаңдаушылық білдірді.

"Олар иесіз тұрғызылмаған, - деді қала әкімінің орынбасары Саян Мұқанов. – Әу баста балансқа қойылмаған. Қазіргі таңда бұл сұрақты шешіп жатырмыз".

Комиссия мүшелері спорт бөліміне нормативтерді анықтауға уақыт беруді жөн көрді. Осының нәтижесінде нысанды жөндеу немесе қандай да бір кәсіпорынның немесе мекеменің балансына тапсыру туралы шешім қабылдады. Келесі жолы мәселе сәуір айында қарастырылады.

Тұрақты комиссияның төрағасы Игорь Веретновтың айтуынша, барлық иесіз нысандар бойынша инеженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілуде. Апат болған жағдайда бұл нысандар кедергі келтіреді. Сонымен қатар, депутат мұндай спорт алаңдарын коммуналдық меншікке тапсырудың дұрыстығына күмән келтірді. Ол спорт бөлімінің басшысына ауалалардан инженерлік желісі жоқ учаске тауып алып, спорттық және балалар алаңын тұрғызуды, ал қалғандарын бөлшектеуге кеңес берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу