Павлодарда іс жүзінде жоқ зауыттың инфрақұрылымына 2,5 млрд теңге жұмсалған – Мәжіліс депутаты

317

Осыған байланысты Павлодар облысының әкімдігі республикалық бюджетке 1,1 млрд теңге қаражатты өтейтін болды. 

Павлодарда іс жүзінде жоқ зауыттың инфрақұрылымына 2,5 млрд теңге жұмсалған – Мәжіліс депутаты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов іс жүзінде жоқ кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қаражат бөліну фактілеріне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жоғары аудиторлық палата есебінде іс-әрекеттердің сәйкессіздігі, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әлсіз ведомствоаралық және өңіраралық қарым-қатынастары атап өтілді. Бұл іс жүзінде жоқ кәсіпорын үшін инфрақұрылым жүргізуге әкеп соқтырды. Мысалы, Павлодарда жұмыс істемейтін объектіге инфрақұрылым салу арқылы 2,5 млрд теңге жұмсалды. Басқа облыстарда да мұндай фактілер бар. Мұндай деректерге қалайша жол берілді? Болашақта оларды қалай болдырмаға болады?", – деп сұрады депутат Мәжілістің жалпы отырысында. 

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл фактіні мойындады.

"Әрине, осы фактіні біз мойындаймыз. Неге бұған жол берілгеніне Павлодар облысы әкімінің орынбасары нақты жауап береді. Қазіргі уақытта жаңа ережелер бойынша ең кемінде құрылыс 30 пайызға дайын болуы керек. Олар қалай дәлелдейтініне қатысты құжаттамалар бар. Олар жобалық-сметалық құжаттаманы, төлемдерін көрсетеді. Құрылыстың 30% дайын болғаннан кейін ғана инфрақұрылымға ұсыныс бере алады. Сол себепті біз енді осындай фактілерге жол бермейміз", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Бейнебайланыс режимінде қатысқан Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева депутаттың сауалына жауап берді. Оның сөзінше, аймақта қуаты 200 мың тонна кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылысы көзделген еді.

"Бұл жоба индустриализацияның бірыңғай картасына енгізілген. Бірақ та, қазіргі таңда инвестор тарапынан қаражат тапшылығына байланысты бұл жобаның іске асырылуы бойынша үлкен тәуекел бар. Сондықтан "Павлодар сода" кәсіпорнына тартылған инфрақұрылым бойынша өзге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖАП-тың нұсқамасына сәйкес, Павлодар облысының әкімдігі республикалық бюджетке 1,1 млрд теңге қаражатты өтейтін болады. Мердігер ұйымдардан қалған қаражатты өндіру бойынша талап-арыздар бойынша жұмыс жүргізетін боламыз", – деді әкімдік өкілі.

Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшін тұстарын айтқанын жазғанбыз. Депутат орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу