Облыс орталығының экобелсенділері жергілікті әкімдіктен көмек сұраған еді. Бірақ бұл мақсатта бюджеттен ақша бөлу заңнамаларда қарастырылмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сондықтан Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов демеуші тауып беруге уәде еткен еді. Шаһар басшысы сөзінде тұрды. "Meirimdi Qala" қайырымдылық қоры пилоттық жобаның жүзеге асуына 1 млн теңге бөлді.
Бұл сома жергілікті бес ветеринарлық клиникаларға теңдей бөлініп беріледі. Өз кезегінде аталмыш клиникалар әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын тұрғындардың ит-мысықтарын тегін, ал басқаларға 50% жеңілдікпен қызмет көрсетеді.
Атап өтейік, мұнда мысықтарды стерилдеу орташа есеппен 10 мың теңге тұрады. Иттерге арналған қызмет оның салмағына байланысты бағаланады. Ол да 10 мың теңгеден басталады.
Жалпы биыл Павлодар облысында қаңғыбас ит-мысықтарды ұстауға 50,7 млн теңге, облыс орталығында 21 млн теңге қарастырылған болатын. Жыл басынан бері мамандар 2 мыңнан астам ит пен 550 мысықты аулады.
Ажар Дәулетова