Павлодарда "Қалаға ағаш сыйла" акциясы жарияланды

825

Павлодарлықтар қаланың 300 жылдығына орай атаулы ағаш сыйлай алады.

Павлодарда "Қалаға ағаш сыйла" акциясы жарияланды

Облыс орталығын абаттандыру жөнінде өткен кеңесте биылғы жылы 300 жылдығын атап өткелі отырған облыс орталығына әр тұрғынның ағаш сыйлай алатыны жөнінде айтылды. Аймақ басшысы Болат Бақауов көшеттер қандай алаңдарда отырғызылатынын бірден анықтап алуды ұсынды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"Бірнеше жылдан кейін бұл жұмыс көзге көрінуі үшін қала аумағында, шағын аудандар ішінде жасалуы керек. Бүгінде біз "Сарыарқа" шағын ауданының құрылысын жалғастырудамыз, соны көгалдандырайық. Адамдар көшеттерді қайдан алатынын білгені маңызды. Мысалы, үйлену күні саябаққа жас жұбайлар келеді,ал оларға бірден ағаш отырғызуды ұсынады. Бұл жастар үшін естелік қана емес, қала үшін де пайдалы болмақ", – деді әкім.

Аталмыш шараға қатысуға тек мемлекеттік орман тәлімбақтары ғана емес, жеке меншік иелері де тартылатын болады. Павлодардан 40 шақырым жерде 15 жыл ішінде өз тәлімбағын құрған экоқоныс иесі Юрий Гашек те көмек қолын созуға ниетті.

"Біз көшеттерді тегін беруге дайынбыз, бірақ бір шартымыз бар – ағаштардың суарылуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бізде 2,7 мыңға жуық ағаш бар. Біз әр түрлі ұйымдармен жұмыс істейміз. Өткен жылы, мысалы, біз 150-ге жуық ағаш көшеттерін отырғыздық", – деді Юрий Гашек.

Абаттандыру аясында 2020 жылы облыс орталығындағы төрт мыңға жуық ағаш пен бір мыңға жуық бұталы қоршау отырғызу жоспарланып отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу