Павлодарда қаңғыбас иттер қойларға шабуыл жасады

Ауыл тұрғыны 18 ұсақ малынан айырылды. 

Павлодарда қаңғыбас иттер қойларға шабуыл жасады Фото: Inbusiness.kz

Павлодар облысы Май ауданына қарасты Жұмыскер ауылында бұралқы иттер ауыл тұрғынының қорасына кіріп, 18 қойды қырып тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін сағат 8.30 шамасында Жұмыскер ауылының тұрғыны жергілікті ауылдық округ әкіміне қойларына шабуыл жасалғаны туралы хабарлады. Белгілі болғандай, қаңғыбас иттер ұсақ малдарды қырып тастаған. 18 қойдың алтауы аман қалғанымен, олар да мал болмайтынын біліп, союға тура келген.

Аудан әкімі Ағыбай Әміриннің сөзінше, ветеринария саласының қызметкерлері бірден үш қаңғыбас итті тауып, оларды залалсыздандырды. Жергілікті әкімдік, ветеринарлар мен полиция аталған жағдайдың мән-жайын зерделеп, тексеріп жатыр.

Бұл – облыстағы алғашқы жағдай емес. Осыдан тура төрт ай бұрын облыс орталығының іргесіндегі Кемеңгер ауылында да 83 қойды қаңғыбас иттер кеміріп, қырып тастаған еді. Одан бұрын да Ақсу қаласына қарасты бірнеше ауылға жабайы жануарлар шабуылдап, 200-ден астам ұсақ мал қырылып қалған еді.

Әсіресе, күз-қыс кезінде иесіз иттердің саны көбейіп, қауіп күшейе түседі. Сондықтан ветеринар мамандар да бақылауды арттыруды көздеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу