Павлодарда қант диабетімен ауырғандар саны биыл 1,7 мыңға көбейген

1089

Павлодарда қант диабетімен ауырғандар саны биыл 1,7 мыңға көбейген

Өңірде жылдың басында 17 860 адам диспансерлік есепте тұрса, қараша айында бұл көрсеткіш 1779 адамға артқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, осыған орай кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин бар.

"Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады, - дейді Айдар Ситказинов. - Ең алдымен әрбір науқас адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Мұндай жағдайда арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруге тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі. Диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет".

Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылған. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. 1 мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.

Еске сала кетейік, биылдан бастап ел мектептерінде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, енгізілген жаңа стандарттар балалардың зиянды тағамдарды пайдалануын шектемек. Жоғарыда атап өткен газдалған сәтті сусындар мен шоколад, басқа да зиянды тағамдар қант диабетін қоздырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу