Павлодарда Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін ғұлама ғалымның туғанына 125 жыл толып отыр.  

Павлодарда Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды Фото: Есенжол Исабек

Әлемге әйгілі қазақтың алғашқы академигі Қаныш Имантайұлының есімі Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, Қазақстан ғылымындағы геологиялық қызметтің негізін қалаушы және геологиялық ғылымдар институтын құрушы ретінде аты алтын әріппен тарихқа жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Павлодар облысында атақты жерлестің мерейтойына орай бірқатар ауқымды шара өтпек. Бүгін, Қаныш Сәтбаев туған күні, алдымен ғалымның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл салтанатқа Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, зиялы қауым өкілдері мен дергілікті жұртшылық жиналды. Шара барысында оқушылар ғалымның мерейтойына арналған арнау өлеңдерді оқыды. 

Сонымен қатар, бүгін Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы" атты халықаралық ғылыми-пратикалық конференциясы, Ресей Федерациясы Томск қаласында мерейтойлық шаралар өтпек. 

Айта кетейік, Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуір күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылынан 1 шақырым қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі - Ғабдул-Ғани. Кейін анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша ауылдағы баланың барлығы оны Қаныш деп атайды. Сөйтіп, басқалары да Қаныш деп атап кеткен.

1926 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Жезқазғанның байлығын анықтап, көптеген кен орындарын ашты. Түсті металл кендері, марганец, силикат, құрылыс, басқа да өндіріс кендері мен көмір орнын табады. Қатпар-қатпар қорғасын, жез, күміс, алтынның барын анықтайды. Геолог маман кен орындарын ашумен қатар, сол қазба байлық шығатын жерлерге зауыттар салдыруға үлкен үлес қосты.

Нәтижесінде, Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын зауыт, Қарағанды-Ертіс каналы, Қаратау фосфориті салынды. Осы арқылы Қазақстанның өндіріс шаруашылығы өркен жайды. 

Отандық ғылым саласының дамуына да сүбелі үлес қосты. Барлығы 641 еңбектің авторы атанды. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары жайында жазылған.

"Атамның Англияға барған сапарында айтқан "Халқым менен де биік!" деген сөзі кейін ел аузында аңыз әңгімеге айналып кеткенін білесіздер. Осындай халқын өзінен биік қойған ғалымға деген елінің құрметі шексіз екені қуантады. Бүгінде Қаныш Имантайұлының аты әлемге танылды. Ортамызда оны білмейтін жан жоқ. Ол жайлы естеліктер, кітаптар, баспасөз беттерінде мақалалар көп жазылды. Қалаларда ескерткіштер орнатылып, мектеп, музей, көшелерге есімі берілді. Бұл жұмыстарға халық өзі бастамашыл болып, жүзеге асырды. Биыл 125 жылдығы да кең көлемде атап өтілетіні қуантады", - дейді ғалымның туған жиені Әлима Жармағанбетова. 

Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысында Қаныш Сәтбаев атында 40 көше, 1 ауылдық округ, 1 ауыл, 4 мектеп, 2 сквер, 1 музей, 1 жоғары оқу орны мен 1 су каналы бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу