Павлодар қаласының 100-ге жуық тұрғыны ауыр сырқатқа шалдыққанымен, мемлекеттік қолдаудан кенде қалып қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Еліміздегі ережеге сәйкес, қатерлі ісік анықталған азаматтар толығымен медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тиіс. Соған сәйкес, мүгедектік қарастырылып, әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Алайда Павлодар қаласындағы бірқатар емдеу мекемесінің медициналық қызметкерлері мұндай ережелерді елемей, дер кезінде тиісті істі атқармағаны анықталды.
"Павлодар прокуратурасы медициналық ұйымдарда өрескел қателіктерді анықтады. Соның салдарынан мүгедектік пен әлеуметтік төлем қарастырылатын міндетті үрдіс – медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілмеген. Жекелеген қызметкерлердің әрекетсіздігінен ауыр жағдайдағы науқастар әлеуметтік қолдаусыз қалған", – деп мәлімдеді Павлодар облыстық прокуратурасының өкілдері.
Бұл іске құзырлы орган қызметкерлері араласқан соң ғана 95 науқас арнайы сараптамаға жолдама алды. Оның нәтижесінде 38 адамға мүгедектік деңгейі белгіленді. Олардың құқықтарының бұзылуына жол берген жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.