Соңғы күндері Павлодар облысында қыс қайта қаһарына мінді. Ауа райының қолайсыз болуы салдарынан облыс орталығынан шығатын жолдар жабылды. Республикалық маңызы бар жолдар арқылы қатынау да тоқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Дегенмен ескертулерге қарамастан жолға шыққан адамдар аз емес. Өкінішке қарай, бір тәулік ішінде орын алған екі жол апаты екі адамның өмірін жалмап кетті.
Павлодар облыстық полиция департаментінің дерегінше, 23 наурыз күні сағат 22.50-де "Toyota Camri 20" маркалы көліктің жүргізушісі Омбы-Майқапшағай бағытындағы жолдың бойында орналасқан Новоямышево ауылының маңында рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп бара жатқан 25 жасар ер адамды боран салдарынан көрмей қалып, қағып кетті. Жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасынан алған жарақаттардан сол жерде тіл тартпай кетті.
Павлодар-Ленин бағытындағы жолда сағат 18.30 шамасында тағы бір көлік апаты болды. Бұл жолы "Лада Приора" көлігінің 38 жасар жүргізушісі бораннан рөлге ие бола алмай, темір қоршауға соғылды. Ол да оқиға орын алған жерде қайтыс болды.
Қазіргі уақытта аталған жағдайлар бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Ажар Дәулетова