Павлодарда қатты пайдалы қазбалар бойынша 118,8 миллиард теңге инвестиция тартылған

3422

Павлодарда қатты пайдалы қазбалар бойынша 118,8 миллиард теңге инвестиция тартылған

2018 жылдың төртінші тоқсанындағы жағдай бойынша Павлодар облысының жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбаға 118,8 млрд теңге қаржы құйған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Хамитов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Қатты пайдалы қазбалар бойынша инвестиция тарту жоспарының 85 пайызы орындалды, - деді Мұрат Хамитов. – Ал, кең тараған пайдалы қазбалар бойынша 4,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2017 жылы қатты пайдалы қазбалар табиғат пайдаланушыларының қаржылық міндеттемелері 185 миллиард теңгені құрады. Аймақтың инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласына жұмсалған шығындар 171,9 миллион теңге болды. Қазақстандық ұжымды оқытуға жұмсалған қаржы – 349,2 миллион теңге. Салық пен төлемдердің жалпы сомасы 50,08 миллиард теңгеге жетті".

2018 жылдың төртінші тоқсанындағы жағдай бойынша Павлодар облысының аумағында қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 21 табиғат пайдаланушымен 23 келісімшарт жасалған. Олардың ішінде 9 келісімшарт көмір кен орындарын әзірлеу жөнінде болса, 14 келісімшарт түсті металл кен орындары жөнінде қол қойылған. Ал, кең тараған пайдалы қазбалар бойынша 36 кәсіпорын тіркеліп, кен орындарын талдау үшін 47 келісімшарт жасалды.

Спикердің айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда жер қойнауын пайдалану саласында оң динамика байқалады.

"Мәселен, аймақта әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға жұмсалған қаражат 29,3 пайызға, салықтар мен төлемдер 2,5 пайызға, қаржылық міндеттемелерді орындау 0,9 пайызға артты", - деді Мұрат Хамитов.

Айта кетейік, облыстың аумағында Екібастұз қалалық аймағы мен Баянауыл ауданында қатты пайдалы қазбалардың 11 бос кен орны бар. Сонымен қатар, кең тараған пайдалы қазбалардың 40 бос кен орны бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу