Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің тәртібін арттыруға бағытталған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара басталғаннан бері полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2 мыңға жуық дерегін анықтаған.
Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Бұл талапты сақтамаған 684 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған 261 азаматқа әкімшілік шара қолданылды.
Полицейлер техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын пайдаланған 163 жүргізушіні анықтады. Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарған 56 жүргізуші ұсталды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген 62 көлік жол қозғалысынан шеттетілді. Заңсыз қайта жабдықталған 84 автокөлікті пайдалану тоқтатылып, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 21 дерегі тіркелді.
Павлодар облысы полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, мас күйінде көлік жүргізбеуге, рөлде телефон қолданбауға және қауіпсіздік белдігін тағуға шақырды.
"Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы облыс аумағында 19 шілдеге дейін жалғасады.