Павлодардағы қоғамдық көліктердің қашан және қайда, қай аялдамада келе жатқаны жайында ақпарат беретін жаңа сайт іске қосылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен жиын барысында белгілі болды.
"go2.bus-pvl.kz деп аталатын сайт автоматты GPS жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қала бойынша 21 автобус GPS жүйесімен қамтылды. Олардың жүру уақытын сайттан қадағалауға болады. Ал, сәуір сайында тағы 14 маршрут сынамалы түрде аталмыш жүйеге қосылады. Сайтта ұсыныстар білдіруге арналған конверт бар. Жол ақысының құны да көрсетілген", – деді сайттың негізін қалаушы "РАС" фирмасының басшысы Ғомар Наукенов.
Сондай-ақ, сайт арқылы қай автобустың қанша жанар-жағармай кетіріп, бір күн, апта, ай ішінде қанша шақырым жүргенін, қай кезде жылдамдықты асырғанын білуге болады. Мұнымен қатар, қоғамдық көліктердің соңғы 90 күн ішіндегі жол жүрісі жайында ақпарат бар. Мәселен, осыдан 82 күн бұрын №21 автобус 14.00 мен 14.30 аралығында қай жерде болғаны да көрсетілген. Өз кезегінде шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен "РАС" фирмасына алғысын білдірді. "Бұл сайт Ленин кенті, Жетекші, Кенжекөл сынды ауылдардың тұрғындарына өте ыңғайлы, себебі үйде отырып автобустың нешеде келетінін білуге болады. Жарты сағаттап аялдамада күтіп тұрмайсың. Жүктелген міндеттерін жауапкершілікпен атқарған сайт әзірлеушілеріне алғыс білдіремін, – деді Нұржан Әшімбетов.
Айта кетейік, бұл жобаны іске асыру үшін қала бюджетінен қаражат алынбаған. Сайт қала тұрғындары үшін тегін жасалып, сыйға тартылды.