Павлодарда қоғамдық көліктердегі жол ақысы қымбаттайды

Жергілікті мәслихат осындай шешім шығарды. 

Павлодарда қоғамдық көліктердегі жол ақысы қымбаттайды Фото: pavlodarnews.kz

Облыс орталығында жолаушыларды автобустар, шағын автобустар мен трамваймен тасымалдау тарифі осыдан алты жыл бұрын қабылданған еді. Соған сәйкес, көлік картасы, банк қосымшасы арқылы жолақысын төлейтін тұрғындардан 80 теңге алынады. Ал қолма-қол ақшамен төлейтін болса, 130 теңге беруге міндеттеледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың тарифті көтеруге қатысты ұсынысы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Әсіресе, былтыр қоғамдық көліктерде картамен төлеу мүмкіндігі жасалған кезде осы кәсіпорындардың өкілдері жаңашылдыққа қарсы шығып, наразылықтарын білдірген еді. Тіпті, кейбір содан соң жұмыстан кетіп, оның салдары қарапайым тұрғындарға тиді. Жалақыға көңілі толмаған жүргізушілер өз ісін тоқтатқан соң автобустар арасындағы интервал бұрынғыдан да ұзап кетті. Әсіресе, қыстың қақаған суығында аялдамаларда кейбір бағыттағы көліктерді ұзақ уақыт күтуге тура келеді.

Ал компания иелері бұл мәселе жолақы көтерілген соң шешіледу деп уәде беріп отыр. Мәселен, "Таксомотор" ЖШС басшылығының айтуынша, қазіргі таңда үш бағыт бойынша жолаушыларды діттеген жерге жеткізетін көліктердің тек жартысы күн сайын жолға шығады. Жаңа тариф бекітілсе, бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізуге жағдай жасалып, интервал айтарлықтай қысқарады.

Жалпы, тасымалдаушылар бүгінгі жолақы көлемі "жыртықты жамамайтынын" алға тартады. Айталық, 80 теңгелік тариф бекітілген 2017 жылы дизель отынының бір литрі 138 теңге болса, қазір 295 теңгеге дейін жетеді. Қосалқы бөлшектер, электр энергиясы бағасының өсуі тағы бар.

Бұған дейін Павлодар қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де нақты шығындар көлемі тарифтерден асып түсетінін алға тартқан-ды. Егер жолаушылар ағынын есепке алсақ, жол ақысының бағасы кемінде 192 теңге болуы керек. Кейбір бағыттарда қатынайтын автобустарда өзіндің құны 700 теңгеге дейін де барады.

Бірақ жолаушылардан діттеген жеріне жетуі үшін 700 теңге алмайтыны түсінікті. Оған қоса жеңілдікпен жүретін адамдар бар. Сондықтан тұрғындарға салмақ салмау мақсатында жергілікті әкімдік субсидия бөледі.

"Қалалық мәслихаттың шешімі бойынша азаматтардың 16 санаты қоғамдық көліктерде тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен жүреді. Бүгінде 34 бағыттың 27-сі субсидияланады. Қалған автобустарды да әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатарына қостық. Соған сәйкес, келесі жылдан бастап олар да бюджеттен субсидия алатын болады. Бұл өз кезегінде олардың тиімділігін арттырады", - дейді Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин.

Сонымен қатар, мәслихат төрағасы жолаушылардың тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың жай-күйін жақсы түсінетінін алға тартты.

"Сіздердің кәсіпорындарының дамып, қызметкерлеріңіз жақсы жалақы алуына біз де бейілдіміз. Есесіне автобустарда жолаушыларға жайлы жағдай жасалады деп сенеміз", - деді мәслихат төрағасы.

Ал бүгін қалалық мәслихаттың отырысы барысында бұған дейін нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған жолақысын көтеруге қатысты жоба депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Соған сәйкес, енді жолаушылар қоғамдық көлікпен жүргені үшін көлік картасы, банк картасымен есептессе, 100 теңге төлейтін болды. Ал қолма-қол ақшамен өтесе, жолақысы 200 теңге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу