Павлодарда көктайғақ салдарынан 150-ге жуық адам дәрігерлер көмегіне жүгінді

Өңірде екі күннің ішінде бір айдың нормасына тең болатын қар жауды. 

Павлодарда көктайғақ салдарынан 150-ге жуық адам дәрігерлер көмегіне жүгінді Фото: pavon.kz

Өткен демалыс күндері Павлодар облысында қар жауып, қыс келді. Салдарынан көшелерде көктайғақ болып, жүріп-тұру қиындады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Павлодар облысы солтүстік өңір болғанымен, қар бұлайша ерте жауа қоймайтын. Биылғы күз ерекше болып тұр. Сенбі-жексенбі күндері әдетті бір айда түсетін қар көлемі айналаны ақ ұлпаға айналдырды. 

Бұл күндері көктайғақта құлап, түрлі жарақат алатын адамдар қатары күрт көбейді. Дәрігерлер көмегіне шамамен 150 адам жүгінген. Оның ішінде 20 науқас ауруханаға жатқызылды. 

"Әдетті мұндай жағдай қараша айының ортасы, желтоқсан айының басында орын алатын. Көктайғақта құлағандар қатары қазан айында көп болатынын күтпедік. Соған қарамастан, тұрғындарға барынша көмек көрсетуге әзірміз. Көп жағдайда білек сүйегін, табан буынын, жілігін сындырып алған науқастар келіп жатыр. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Себебі қартайған сайын адам сүйегі әлсіреп, тез сынуға бейім келеді", - дейді №1 Павлодар қалалық ауруханасының травматолог дәрігері Аян Қабаев. 

Мұндай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимге көшті.

Жұмысшылар тәулік бойы жолдар, жаяу жүргіншілер жолы, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге кіреберіс жолдарды тазалауда. Соңғы бес күн аралығында барлығы 3,5 мың тонна қар шығарылды. Жалпы, бұл жұмыстарға 300 арнайы техника жұмылдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу