Павлодарда қоқыс полигоны отқа оранды

451

Куәгерлер әлеуметтік желілерге өрттің видеосын жариялады. 

Павлодарда қоқыс полигоны отқа оранды

Бүгін кешкі 17.00 шамасында облыс орталығының іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағынан өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті пабликтерде жарияланған бейнежазбада Успен ауданына апаратын көпір маңын қою қара түтін басқанын байқауға болады. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, бірнеше сағат бойы жанып жатқан аумақтың көлемі ауқымды.

Алайда облыстық төтенше жағдайлар департаменті алаңдауға негіз жоқ дегенді алға тартып отыр.

"Бұл аумақта құрғақ шөп жанды. Ешқандай қауіп-қатер жоқ. Өрт толығымен сөндірілді", – деп қысқа қайырды ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Павлодар қаласына жақын маңда орналасқан Чернорецк ауылында төрт тонна шөп, оны сақтайтын 80 шаршы метрлік қоршау және қораның төбесі толығымен жанып кетті. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар қызметінің бір техникасы мен төрт қызметкері жұмылдырылды.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, қызыл жалынды дер кезінде сөндіруге ауылда судың жоқтығы кедергі келтірді. Бұл – бір апта ішінде орын алған екінші оқыс оқиға.

"Ауылда су жоқ. Соның салдарынан өрт шыққанда адамдар өз күшімен өрт сөндіре алмайды. Оған қауқары жетпейді. Ал тиісті техникалар мен қызметкерлер облыс орталығынан жеткенше қора-қопсы күлге айналады. Су мәселесін шешіп беріңіздер", – дейді шырылдаған жұрт.

Жалпы соңғы тәулік ішінде облыстық төтенше жағдай қызметінің өкілдері жедел желіге түскен қоңыраулар бойынша 32 оқиға орнына барды.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу