Павлодарда колледждерге бөлінген қаражат бірден 16 есеге өсті

739

Биыл материалдық-техникалық базаны жақсартуға 400 млн теңге қарастырылды. 

Павлодарда колледждерге бөлінген қаражат бірден 16 есеге өсті

Осыдан екі жыл бұрын Павлодар облысындағы колледждердің құрал-жабдықпен қамтылу жағдайы мәз емес еді. Алайда аз уақыт аралығында кәсіптік және техникалық білім беретін мекемелердің мәселесі шешіліп, бірқатары толығымен жаңарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов "Жас маман" жобасы аясында жаңғыртудан өткен сондай оқу орындарының бірі – Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінде болды. Мұнда заманауи IT-hub құрылып, зертханалар мен шеберханалар ашылды. Тіпті, мектеп парталары мен шкафтарын дайындайтын жергілікті "TROYA" кәсіпорны пластик бұйымдар дайындайтын шағын цех ашты.

Колледж директорлары және өндіріс орындары басшыларының қатысуымен өткен кездесу барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов білікті мамандарды дайындау жұмыстары күшейетінін атап өтті.

"Осыдан екі жыл бұрын колледжердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға жылына 25 млн теңге қарастырылса, қазір 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сол сияқты "Жас маман" жобасының аясында 10 колледжге 2,5 млрд теңгенің құралы сатып алынды. Мұндай қомақты сомалар бұрын-соңды бөлінген емес. Соның нәтижесінде жыл сайын ұйымдастырылатын "WorldSkills" республикалық байқауында Павлодар облысы 13-орыннан бірден бесінші орынға дейін көтерілді. Одан басқа да жетістіктер бар. Бірақ онымен шектелмей, әрі қарай бизнес пен колледждің байланысын нығайту керек", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Министр Асқар Аймағамбетов те соңғы жылдары Павлодар облысындағы кәсіптік-техникалық білімнің сапасы біршама жақсарғанын атап өтті.

"Шынын айту керек, бірнеше жыл бұрын колледждердің сапасы орташа деңгейден де төмен болды. Бірақ аз уақыт аралығында көп жұмыс жасалғаны байқалып тұр. Заманауи құралдар, әдемі кабинеттердің ар жағында мазмұн бар. Енді соларды тиімді пайдалана алсақ болғаны", – дейді министр.

Өз кезегінде колледж директорлары мен кәсіпорын басшылары бірнеше мәселені көтеріп, министрге сауал жолдады. Солардың бастысы – жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша бір студентті оқытуға бюджеттен бөлінетін 450 мың теңгені көтеру. Себебі қазіргі күні бұл сома оқу орындарына мүлде жетпейді. Асхат Аймағамбетов бұл мәселе ақшаға тіреліп тұрғанын айтып, тағы да Үкімет алдында көтеретінін атап өтті.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу