Елімізде өндірілетін 63 млн тоннаға жуық көмірдің 37 млн тоннасы Павлодар облысы аумағындағы кеніштерден шығарылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов ұсынған мәліметке сүйенсек, кеніштерден "Богатырь Көмір" көмірінің бір тоннасы 2783 теңгеден, "Майкөбе" 7500 теңгеден және "Сарыкөл" 5500 теңгеден босатылады. Елді мекендердің кеніштерден арақашықтығы мен көмірдің сұрпына қарай тұрғындарға бір тоннасы 8-20 мың теңге аралығында сатылады.
"Богатырь Көмір" жыл басында коммуналдық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын қатты отынның бағасын 23%-ға, яғни 640 теңгеге көбейтуді жоспарлаған еді. Алайда мораторийге байланысты меморандум жасалып, былтырғы баға қалатын болды", - деді Ержан Салханов.
Ал көпшілік тарапынан сұраныс жоғары "Майкөбе" көмірі керісінше арзандады. Былтыр қатты отынның бұл сұрпын шығаратын компания облыс тұтынушыларына 105 мың тонна өнім жеткізіп, рекордтық көрсеткіш орнатқан болатын. Биылғы көлемнің өткен жылдан асып түсер түрі бар.
"Былтыр қаңтарда облыс тұрғындарына 5800 тонна отын жеткізген едік. Биыл қаңтар айының 15 күнінің ішінде 8 мың тоннадан астам көмір сатылды. Қатты отынның бағасы тұрақты болып қалды. Ал теміржол арқылы жеткізілетін көмір бағасы арзандады. Осыдан екі жыл бұрын бір тоннасы 7600 теңге болса, бүгінде 6 мың теңге", - деді "Майкубен-Вест" ЖШС бас директоры Нұрлан Ахметбаев.
Сонымен қатар, ауылдық аймақтарға көмір тасымалдаумен айналысатын 300-ден астам жеке кәсіпкермен бағаны өсірмеу туралы меморандум жасалды. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер келісімшарт талаптарын сақтамаса, оларға қатысты жауапкершілік шаралары қолданылмақ.
Ажар Дәулетова