Павлодар облыстық полиция департаменті бес қабатты тұрғын үйдегі жарылыстың неден болғанын айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Тергеу барысында куәгер Малайсары батыр көшесіндегі қоқыс контейнерінен 6 қорап зауыттық дәрі тауып алып, оны сату үшін өзінің танысына алып келгенін айтқан. Әрі қарай олар сағат 14.40 шамасында жарылыс болған пәтерде дәрінің бір қорабын ашқан, тексеру үшін жартысын орындыққа қойып жаққан кезде, зат тұтанып, өрт болған", – дейді баспасөз қызметінен.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 292-бабына (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, байқаусыздықтан адам өліміне әкеп соғу) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетсек, 6 наурызда түскі уақытта Павлодар қаласы Мүткенов көшесі, 53 мекенжайында орналасқан пәтерде жарылыс орын алып, соңы өртке ұласқан. Оқиға орнында пәтер иесі көз жұмып, 32 жастағы тұрғын емханаға жатқызылған болатын.