Павлодарда "Көрпе Fest" этнофестивалі өз мәресіне жетті

1855

Көрпе тігу байқауына 500-ге жуық шебер қатысты.

Павлодарда "Көрпе Fest" этнофестивалі өз мәресіне жетті Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылдың соңында Павлодар облысында белгілі этнодизайнер Ырза Тұрзындақызының бастамасымен "Көрпе Fest" фестивалі бастау алған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен жоба авторы әр аудан-қаланың қолөнершілері үшін онлайн түрде шеберлік сабақтарын өткізді. Кейін теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асырып, берілген тапсырмалар бойынша көрпе, жастық тігуге тиіс болды. Үздік жұмыстарды әлеуметтік желі қолданушылары таңдап, дауыс берді. Байқаудың кең ауқымды болғаны соншалық, оған қыз-келіншектермен қатар мектеп оқушылары, тіпті ер азаматтар қатысқан көрінеді.

Фестивальге қатысушылардың ең үлкені – Орынтай Сәдуақасова 73 жаста. Ес білгелі қолыма ине мен жіп алып, көрпе тігумен айналысып келемін, дейді ол.

"Осындай фестивальдің ұйымдастырылып, қатарымызға жастардың қосылғанына қуаныштымын. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Әдетте байқауда бәрі бір-біріне бәсекелес болатын еді, ал бұл сында бір-бірімізге қолдаушы болып, білген-түйгенімізбен бөлістік", - дейді қолөнер шебері.

Жобаның ұйымдастырушысы Ырза Тұрзынзаданың айтуына қарағанда, ол бұл бастамаға қызығушылық танытушылардың қатары көп болатынын күткен жоқ.

"Әуелде қатысушылар саны 40-50 адамнан аспайтын шығар деп топшылаған едім. Мұндай фестивальді онлайн режимде өткізу қиындық тудырады деп те ойладым. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болды. Павлодар облысының тұрғындары біздің бастаманы қолдап, ең мықты қолөнер шеберлері жиналды. Олардың шеберлік деңгейлерінің жоғары болғаны соншалық, үш жүлде тағайындаумен шектеле алмадық. Сондықтан әр қатысушының еңбегін атап өтуге тырыстық", - дейді Ырза Тұрсынзада.

500-ге жуық өтініштің қатарынан 222 қатысушы іріктеліп алынып, бірнеше ай бойы ұлттық нақыштағы дүниелерді тігумен айналысты. Карантиндік шектеулерге байланысты облыс орталығында ұйымдастырылған көрпе көрмесіне 40 адам ғана қатысты. Ал аудан-қала қолөнершілері салтанатты шараға онлайн режимде қосылды. Олардың барлығына тиісті сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу