Павлодарда қосалқы станция отқа оранды

Соның салдарынан бірқатар тұрғын үй мен нысан жарықсыз қалды. 

Павлодарда қосалқы станция отқа оранды Фото: ТЖД

Кеше кешкісін тұтас облыс аумағында ауа райы күрт бұзылып, қатты нөсер жауып, найзағай ойнады. Соның салдары болуы керек, электр энергиясымен қамтамасыз ететін станциядан өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Төтенше жағдайлар қызметінің кезекші бөліміне сағат 20.02-де Павлодар қаласы әкімшілік қалашық ауданында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен тұста жалпы аумағы 80 шаршы метрде трансформаторлық қосалқы станцияның отқа оранғанын анықтады. Өрт 21.17-де оқшауланып, сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. 

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 11 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Қызыл жалынның шығу себебі анықталуда. 

Ал бұл аралықта Лесозавод шағын ауданы мен Астана, Лермонтов және Бектұров көшелері бойындағы үйлер жарықсыз қалды. 

"Транспортная" қосалқы станциясына найзағайдың түсуі салдарынан "Батыс қалалық" қосалқы станциясынан электр энергиясын тарату үзіліп қалды. Сол себепті бірқатар тұрғын үйде жарық өшіп қалды. Араға бірнеше сағат салып көпқабатты баспаналардағы электр энергиясы толығымен қалпына келтірілді. Өндірістік аймақтағы кей кәсіпорындар әлі де жарықсыз қалып отыр. Оларға қатысты да шаралар жасалуда", - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу