Павлодарда қоспалы алюминий өндірілетін болады

1100

Павлодарда қоспалы алюминий өндірілетін болады

Осы жылдың шілде айынан бастап "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында қоспалы алюминий өндірісі іске қосылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің "Gissenhaus" ЖШС-ның басшылығымен кездесуінде мәлім болды.  Компанияның бас директоры Эдуард Швецтің айтуынша, алдағы уақытта арнайы экономикалық аймақта "қанатты металды" қайта өңдеу кәсіпорындарының кешені салынады. Бірінші болып, алюминийдің құрамына түрлі қоспаларды енгізумен айналысатын цех іске қосылады.

"Бірінші цех жұмыс істей бастағаннан кейін біз қоспалы алюминийді Қазақстанның аумағында, сонымен қатар, шет елдерге де экспортқа шығара алатын боламыз. Біз шығаратын өнім барлық талаптарға сай келеді",  – деді "Gissenhaus" ЖШС-ның басшысы.  

Компания өкілдері жергілікті атқарушы органдармен де, "Павлодар" АЭА-ның басшылығымен де белсенді қарым-қатынас орнатуда. Алайда, цех жұмысына қажетті шет елдік құрал-жабдықтарды елге әкелумен қиыншылықтар туындап жатыр. Жобалау-сметалық құжаттары дайын болмайынша, жабдықтарды орнату мүмкін емес. Компания басшылығы болса, өндіріс іске асырылатын кезде барлық құжаттар дайын болады деп уәде беріп отыр.

"Біз бұл мәселеге регламентті қатаң сақтау бойынша емес, өңірімізге инвестиция әкелген бизнесмендерге барынша қолдау көрсету тұрғысынан қарауымыз керек,  – деді Болат Бақауов. – Біз тиімді шешімге келу үшін барлық нұсқаны қарауымыз керек".

 Бизнесмендер сұйық алюминийді электролиз зауытынан арнайы экономикалық аймаққа жеткізу бойынша да сауал қойды. Аймақ басшысы жыл соңына дейін "ҚЭЗ" ЖШС-нен АЭА-қа апаратын айналма жолға сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп сендірді. Сонымен қатар, кәсіпорынға қажетті инфрақұрылым жүйелерін жүргізу бойынша көмек көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу