Өңірде креативті индустрияны дамытуға баса назар аударылып отыр. Шығармашылықты шыңдап, тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Солардың ішінен мектеп оқушылары мен кәсіп ашуды қалайтын тұрғындарға берілетін гранттарды ерекше атап өтуге болады. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтың айтуынша, жыл соңына дейін үздік жобалар авторлары анықталады.
Осы орайда әр аудан-қаладан бір ғана мектеп таңдап алынады. Ауыл мектептеріне 700 мың теңге, қала оқушыларына 1 млн теңге үлестірілмек. Мұндай қайтарымсыз қаражатқа ие болу үшін шәкірттер ІТ, медиа, маркетинг, сәулет, өнер және тағы басқа салаларда бұрын болмаған қызықты идеяларды ұсынуы тиіс. Оқушыларға оларды жүзеге асыруға жарты жыл уақыт беріледі. Грант иеленген балалар оқу жылының соңында қаражаттың қайда жұмсағанын нақты іспен дәлелдеуі керек.
Сонымен қатар старт-ап жобалар ұсынған тұрғындар, креативті бизнесті бастауды қалайтын азаматтар да байқауда бақ сынай алады. Ұлттық қолөнер, видеоиндустрия, музыкалық өнер, ІТ, креативті фриланс, ойын-сауық және білім салалары бойынша мықтылар анықталады.
"Шынымен креативті деп танылған жеті жобаның әрқайсысына 1 млн теңге көлемінде грант беріледі. Қаражатты қайтарудың қажеті жоқ. Тек тың істі жүзеге асырғаны туралы есептерді ұсынса болғаны", – дейді Сәкен Шаяхметов.
Сонымен қатар креативті индустрия аясында виртуалды ойындар – Dota 2, CS:GO, PUBG Mobile және FIFA 21 бойынша киберспорт турнирі, компьютерлік бағдарламаны дайындаумен айналысатын тұрғындар арасында хакатон ұйымдастырылады. Бұл бәсекелердің жеңімпаздарын да қомақты ақшалай сый күтіп түр.
Ажар Дәулетова