Павлодар облысында криптоактивтерге қатысты заңсыз істер тіркелді. Бірі майнинг фирмасын құрса, енді бірі криптовалютаны еш тіркеусіз айырбастап келген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл кәсіпорындардың табысы да аз емес. Қысқа уақыт аралығында заңсыз әрекетке барғандар миллиондаған қаржыны қалтаға басып үлгерді. Атап айтқанда, тұрғындардың бірі облыс орталығындағы өндірістік аймақтан ғимаратты жалға алып, валюта шығарған. Электр энергиясы үшін ақы төлегенімен, салықты дер кезінде аудармаған. Лицензиясы да жоқ.
"Павлодар облысының аумағында цифрлық активтердің заңсыз айналымының жолы кесілді. Ол бұл ісі арқылы 39 млн теңге көлемінде табыс түсірген. Аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 214-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, майнинг құралдары тәркіленді", – дейді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков.
Сондай-ақ аталмыш департамент өкілдері өндірістік аймақта криптовалюта айырбастау орны барын анықтады. Қомақты қаржы табуды көздегендер электр желілеріне заңсыз қосылып, салық төлеуден жалтарған. Кейін "Binance" алаңы арқылы қандай да бір тіркеусіз валюталық операцияларды жүзеге асырған. Сол арқылы 60 млн теңге табыс көрген.
Жоламан Қиналбековтің сөзінше, бұл жағдайға қатысты да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.