Павлодарда Қызыл кітапқа енген тауысқа іздеу жарияланды. Осы қалаға қарасты Павлодарское ауылындағы мешітке тиесілі құстарды ондағы медресенің оқушылары абайсызда сыртқа шығарып жіберген, деп хабарлайды КТК .
Қос тауыстың жоғалғанын естіп білген мешіт қызметкерлері бастапқыда олар ұрланды деп ойлап полицияға шағымданбақ болған. Сөйтсе, сирек кездесетін қанаттыларға бұзақылар емес, медресеге жаңадан келген оқушылар қызығушылық танытыпты. Олар арнайы қоршауға қамалған қос тауысты ұстап көрмек болып, абайсызда сыртқа шығарып жіберген екен. Ал тордан шыққан тауыстар ұша жөнеліпті. Бұдан соң Қызыл кітапқа енген қос құсты іздеуге кіріскен. Ал олардың бірін үйінің төбесінен аңғарған ауыл тұрғыны ұстамақшы болып құйрығынан тартыпты. Бірақ үркіп ұшқан тауыстың қауырсындарын ғана жұлып үлгерген. Мешіт қызметкерлері болса, екі тәуліктен соң ауыл маңынан аналық тауысты қолға түсірді. Енді құйрықсыз қалған аталық кұстың да табыларына сеніп отыр.
"Ауыл бойынша іздеу жарияладық. Бұлар – Қызыл кітапқа енген ерекше құстар. Үш жарым жаста. 2 жыл бұрын Түркістан қаласынан сыйлық ретінде әкелінген еді. Жылда қыста осы мешіттің аумағында болады. Қазір аталық тауысты іздеп жатырмыз",- дейді Павлодарское ауылының әкімі Аждар Жүсіпов.