Павлодарда қызыл жалынмен күрес кезінде өрт сөндіруші қаза тапты

1329

 Қызметтік міндетті орындау жолында жан берген азамат мемлекеттік марапатқа ұсынылмақ.  

Павлодарда қызыл жалынмен күрес кезінде өрт сөндіруші қаза тапты

Бүгін сағат 7.46-да "101" нөміріне Ақсу қаласына қарасты Ақсу кенті, Театральная көшесі, 38 мекенжайындағы жер үйден өрт шыққаны туралы хабар түсті. Аталмыш кенттегі №12 өрт сөндіру бекеті оқиға орнына 7.53-те жетті. Оқыс оқиға туралы келіп түскен хабарламада үйде адамның бар-жоғы туралы айтылған жоқ. Сондықтан азаматтық қорғаныс сержанты Арыстанбек Машрап пен кіші сержант Ермек Тұрлыбеков бірден төрт бөлмелі үйге кіріп кетті.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің салдарынан үйден шығар есік алдына темір құрылым құлап, іштегі өрт сөндірушілер қатты түтіннің арасында қалып, сыртқа шыға алмады. Оқиға орнына кейін жеткен қосымша күш терезедегі темір торды бұзып, төрт бөлмелі үйдің ішіне кірді. Бұл уақытта бөлім командирі Арыстанбек Машрап ес-түссіз жатты. Әріптестері оны жергілікті фельдшерлік-дәрігерлік пункте жеткізді. Бірақ дәрігерлер өрт сөндірушіні ажалдан аман алып қала алмады.

"1997 жылы туған Арыстанбек Дулатұлы азаматтық қорғаныс саласында өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. 2018 жылдың қаңтар айында өрт сөндіруші ретінде қызметке қабылданған оның өткен жылы лауазымы жоғарылап, бөлім командирі атанды. Былтыр отбасын құрды. Жары екеуі сәби күтіп жүрген еді. Арыстанбек Машраптың ата-анасының, қарындасы мен жұбайының, барша жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Өз кезегінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан өрт сөндірушінің отбасына барлық көмек көрсетіледі. Қызметтік міндетін атқару жолында қаза тапқан Арыстанбек Дулатұлы мемлекеттік марапатқа ұсынылады", - деді Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Ернұр Өтегенов.

Оқиға орнына Арыстанбекпен бірге келген 1995 жылғы кіші сержант Ермек Тұрлыбеков уланып, Павлодар қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

"Өрт пен адам өлімі жағдайларына байланысты полиция қызметкерлері тиісті тергеу, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Төтенше жағдайлар департаментінде де қызметтік тексеру жүргізетін арнайы комиссия құрылды", - деп хабарлады Ернұр Сапарұлы.

Белгілі болғандай, қызыл жалын шарпыған аумақ 80 шаршы метрді құрады. Оны сөндіруге барлығы 18 адам мен 5 техника жұмылдырылып, от сағат 11.00-де толықтай ауыздықталды. Үйдің иесі – 1946 жылғы азамат өрт шыққан кезде үйде болмаған екен.

Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндетін атқару кезінде елімізде барлығы 53 өрт сөндіруші қаза тапты. Олардың қатарында үш павлодарлық бар.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу