Павлодарда қызылша жұқтырғандардың саны төрт есе өсті

Өңірде екпе салу науқаны қарқынды жүріп жатыр. 

Павлодарда қызылша жұқтырғандардың саны төрт есе өсті Фото: inbusiness.kz

Соңғы бірнеше ай дересінде елімізде қызылшаға шалдыққандардың қатары күрт артып жатыр. Тіпті, соңғы бір айдың өзінде Павлодар облысында жұқпалы сырқат белгілері бар адамдардың саны төрт есеге өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде барлығы 245 адам қызылша жұқтырды. Оның ішінде қазан айында 38 тұрғыннан жұқпалы дерт байқалса, қарашада 165 павлодарлық осы дерттің салдарынан дәрігер көмегіне жүгінді. 

"Жыл басынан бері Павлодар және Ақсу қалаларында сыртқатқа шалдыққандардың қатары қалың. Аудандарда да қызылша жұқтырғандар бар. Атап өтерлігі, науқастардың дені – балалар. Олардың ішінде 90%-ы – ата-аналардың бас тартуына байланысты екпе алмағандар", - дейді сала мамандары. 

Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцина қабылдау. Сондықтан 6 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау басталды. Яғни, 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы сәбилер, 2-4 жас аралығындағы балаларға екпе салынуда. Сол сияқты бұған дейін қандай да бір себепке байланысты вакцина алмаған 1-30 жас аралығындағы азаматтар, медициналық қызметкерлерге де екпе салу қарастырылған. 

Жалпы, Павлодар облысында барлығы 43 850 адамға екпе салу жоспарланған. Оның ішінде 6-10 ай аралығындағы 9161 нәресте, 2-4 жас аралығындағы 27 850 бала және 5200 медициналық қызметкер бар. Бүгінде 5 мыңға жуық адам вакцина салғызды. Алдағы иммундау кезеңнде 1639 бала да екпе алуы тиіс. Бүгінде оның 777-сі екпені алды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу