Павлодарда лизингке техника алған фермерлерге салық салынды

625

Павлодарда лизингке арнайы техника сатып алған фермерлердің басы дауға қалды. "Қазагроқаржы" мекемесі оларға қосымша құн салығын төлеуді міндеттеп отыр. 

Павлодарда лизингке техника алған фермерлерге салық салынды

Өтемеген жағдайда алған дүниелерін тәркілейміз, дейді. Ал, сомасы млн теңгеден астам қосымша құн салығын төлеуден бас тартқан шаруалар, лизингтік компанияны сотқа берді. 

Павлодарлық фермер Алтай Қадырбек мал өсірумен айналысады. Соңғы жылдары шаруашылығын кеңейтіп техникалар сатып алды. Тракторға қол жеткізу үшін лизингтік компанияның көмегіне жүгінеді. Өйткені, шығынның 30 пайызын мемлекет субсидия ретінде қайтарады. Келісім жасалып темір көлігі келгеннен кейін "Қазагроқаржы" компаниясы енді оған қосымша құн салығын төлеуді талап етуде. 

"Тракторды алу үшін келісім шартқа қол қойдық, бір ай өткеннен кейін Казагрофинанс бізге қосымша келісім шарт жібереді. 12 пайызға қымбаттаған. Ол 12 пайыз мен үшін өте үлкен сумма болғандықтан мен қол қойған жоқпын. Сондықтан менде қазір кредитный бюромен мәселе болып тұр", дейді фермер Алтай Қадырбек. 

Павлодар облысында 30 фермер лизингке арнайы техникалар сатып алған. Мәселен, "Беларусь" маркалы трактордың құны 10 млндай теңге тұрады. Оны кәсіпкер 7 жылда өтеп шығуы тиіс. Енді оған қосымша 12 пайыз құн салығын төлеуді міндеттеп отыр. Бұл шамамен 1 млн 200 мың теңге. Бүгінгі таңда компанияның бұл талабымен келіспеген бес фермер өңірлік палатаға шағым түсірген. Мамандар, қосымша құн салығы салынатынын әуел баста ескерту керек еді дейді. 

"Қазагроқаржы" компаниясының облыстық филиал басшысы осы мәселеге қатысты өз ұстанымдарын айтуға келіскен. Алайда, жеме-жемге келгенде сұқбат беруден бас тартты. Сот процесі жүріп жатқандықтан қандай да бір мәлімдеме жасаудан аулақпыз дейді. Қазір іс экономикалық сотта қаралып жатыр. 

Есенбек Санатұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу