Павлодарлық донор 6 адамның өмірін аман алып қалды

Бүгін облыс орталығында бірегей оталардың бірі жасалды.    

Павлодарлық донор 6 адамның өмірін аман алып қалды Фото: gov.kz

Павлодар облысының 39 жасар тұрғыны өмірден өтсе де, оның жүрегі, екі бүйрегі, бауыры мен көзінің екі шынайнасы ағза күтіп жүрген өзге жандарға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

1986 жылы туған келіншек 22 қаңтар күні Павлодар қалалық №1 ауруханасына ауыр халде жеткізілді. Ақ желеңділер өмірді алып қалу үшін қанша күрессе де науқасты аман алып қалуға мүмкіндік жоғын көрді. Дәрігерлер консилиумы "мидың өлімі" деген диагноз қойды. Мұндай ауыр хабар марқұмның жұбайы мен баласына қиынға соқты. 

"Алдымен жоодасы мен ұлын жансақтау бөліміне кіргізіп, мидың жұмысты тоқтатуы адамның өмірден өткенін білдіретінін көрсеттік. Өкпені жасанды желдету аппаратын ажыратсақ, жүрек соғуын тоқтататынын да түсіндірдік. Әлбетте, жақын адамнан айырылу олар үшін ауыр болды. Кейін әңгіменің екінші бағыты – донор болу мәселесін қозғадық. Олар оң шешім қабылдаған жағдайда бірнеше адамның өмірі жалғасатынын жан-жақты жеткізуге тырыстық", - дейді трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребух. 

Марқұмның отбасы түсіністікпен қарап, ойлануға уақыт сұраған екен. Ал ертеңгі күні таңертең ауруханаға келіп, келісім берді. Тиісті құжаттарға қол қойылған соң 80 адам жұмылдырылған жұмыс басталды. Бір бригада донордың жүрегі мен ішкі қуысын тексерсе, енді бірі донор мен реципиенттердің қанын тексерумен айналысты. Шұғыл түрде Астана қаласынан арнайы топ келді. 

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың клиникалық-академиялық департаменті директоры Тимур Лесбековтың айтуынша, трансплантология өте қысқа мерзімде жасалуы тиіс. Әйтпегенде, донор ағзалары жарамсыз болып қалады. Айталық, жүрек ағзадан тыс, мұзда тек төрт сағат сақталады. Осы уақыт аралығында ағзаны жеткізіп, операция жасап үлгеру керек. Өкпе 6, бауыр мен бүйрек 8-12 сағат қана жарамды болады. Ал ағзаны ауыстыру бойынша ота шамамен 2-2,5 сағат жүргізіледі. Сондықтан әр минут маңызды. 

Павлодарлық донордың барлық ағзасы салалық орталықтарға уақытылы жеткізіліп, бүгін таңертең операциялар жүргізілді. Ағза алмастырған науқастардың жағдайы алдағы уақытта белгілі болады. Бұл ретте дәрігерлер сырқат жандарға жаңа ағзаға үйренудің өзіне біраз уақыт керек екенін атап өтті. Кейде бұған жарты жылдан бір жылға дейін уақыт қажет. 

Жалпы, жыл сайын Қазақстанда донорлардың қатары көбейіп келеді. 2024 жылы дәрігерлер мұндай үш ота ғана жасаса, былтыр 18 операция жүргізілді. Сол арқылы 68 адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік туды. Олардың қатары бұдан да көп болар еді. Алайда 166 марқұмның туған-туыстары жақынының донор болуына қарсылық танытты. 

Бүгінгі таңда елімізде 4506 пациент ағза күтушілер тізімінде тұр. Өкінішке қарай, жыл сайын шамамен 300 адамның донор күтіп, демі үзіліп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу