"Business Ertis" өңірлік бағдарламасының көмегімен "Tyre & Service" сауда желісінің тағы бір дүкені іске кірісті. "Торговый дом "Кама-Казахстан" ЖШС Қазақстанның Даму банкінен несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесін "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша субсидиялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары дәулен Қабдушевтің айтуынша, бұл жобаның бірнеше ұтымды тұсы бар. Біріншіден, қызметтерге сайт арқылы алдын-ала жазылу тетігі. Яғни маусымаралық кезеңде дөңгелек айырбас тұста ұзын-сонар кезек болмайды. Екіншіден, аталмыш компания қызметтің барлық желісін көрсетеді. Яғни өндіріс-сатылым-сервис-утилизация желісі бойныша жұмыс істейді. Үшіншіден, жергілікті кәсіпорын "Вектор-Павлодар"-да шығарылатын алюминий дискілерін сатылымға қоятын тағы бір нүкте пайда болды. Бұл өндіріс орны павлодарлық сауда орталығының сұранысын толығымен өтеуге дайын.
"Торговый дом "Кама-Казахстан" филиалының басшысы Андрей Никоноров сауда орталығында павлодарлық өніммен қатар, әлемге танымал 17 компанияның дискілері мен 32 кәсіпорынның дөңгелектері сатылатынын айтты. Мұнда ауыл шаруашылығы техникаларынан бастап мотоциклдерге дейін келетін дөңгелектерді алуға болады. Сондай-ақ арнайы көлікжайы, қоймасы жоқ облыс тұрғындарының дөңгелектерін белгілі бір мерзімде сақтау қызметін ұсынады.
"Компанияның басым тұсы – дөңгелектерді утилизациялау. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан және Орал қалаларында ескі шиналарды түйіршіктерге айналдыратын зауыттар жұмыс істейді. Кейін олар ойын және спорт алаңдарын салу, жолдарды жөндеуде қолданылады. Павлодар облысы аумағынан жиналған тозығы жеткен дөңгелектерді де сол өңдеу орындарына жібереміз", – дейді сауда орталығының басшысы.
Ажар Дәулетова