Павлодарда Олимпиада жүлдегері 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Балуанға қатысты сот процесі жалғасуда. 

Павлодарда Олимпиада жүлдегері 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін Фото: Olympic.kz

Дәулет Шабанбай – еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың қола жүлдегері. Алайда бұл медаль оған тек 10 жылдан соң берілген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бірақ Олимпиада жүлдегері атанған спортшы таяуда "қылық" шығарды. Қыркүйек айында Павлодар қаласындағы дәмханалардың бірінде мас күйінде шу шығарып, көпшіліктің мазасын алған көрінеді. Сондықтан дәмхана қызметкерлері Ұлттық ұлан өкілдеріне шағым түсіруге мәжбүр болған.

Сағат 21.00 шамасында оқиға орнына жеткен Ұлттық ұлан патрулі спортшыны сол кафе жанында тоқтатқан. Алайда ол патруль қызметкерлерінің ескертулеріне дөрекілікпен жауап беріп, біреуін итеріп жіберген. Патруль бастығының иығынан теуіп, бетінен ұрған. Тағы бір соққысы үшінші қызметкердің көзіне тиген. Көмеке келген тағы бір патруль өкілдеріне балуанды жерге құлатып, қолына кісен салуға тура келді. 

Бүгінде Павлодарда аталмыш оқиғаға байланысты сот процесі өтіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушы 42 жасар спортшының әрекеті билік өкілдеріне қарсылық таныту әрі олардың қызметтік міндеттеріне кедергі келтіру болғанын алға тартып, орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде 4 жыл жазасын өтеуін сұрады.

Ал қорғаушы спортшының халықаралық дәрежедегі жетістіктерін тілге тиек етіп, қылмыстық құқық бұзушылық ауыр деңгейде болғанына қарамастан, алдын ала жоспарланбағанын, салдарынан ауыр жарақат болмағанын атап өтіп, бас бостандығынан айырмауды ұсынды. Дәулет Шабанбайдың өзі болса кінәсін мойындап, сөз алудан бас тартты. "Мен тек кешірім сұрағым келеді. Жігіттер, ренжімеңдер!" деп қысқа қайырды. 

Спортшының ісі қаралып жатқан ҚР қылмыстық Кодексі 380-бабы 4-бөлім 1-пункті бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу