Павлодарда ондаған үй жылу мен ыстық сусыз қалды

954

Облыс орталығында екі бірдей жылу құбыры жарылды.

Павлодарда ондаған үй жылу мен ыстық сусыз қалды

7 қаңтар күні таңғы 7.00-де Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ак.Шөкин көшелерінің қиылысында диаметрі 129 мм болатын жылу желісі жарылды. Соның салдарынан осы аудандағы 9 көпқабатты баспана, 2 жер үй мен 5 бизнес нысаны жылудан ажыратылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында төрт арнайы техника мен ондаған маман жұмыс істеп жатыр. Жарты тәуліктен астам уақыт өтсе де ақау жойылған жоқ.

Сол сияқты таңғы 8.00-де қаланың екінші жақ шеті - Лесозавод шағын ауданында диаметрі 76 мм жылу құбырынан ақау шықты. Салдарынан осы аудандағы бір көпқабатты және 34 жеке үйде жылу, ыстық су жоқ. "Павлодар жылу желілері" ЖШС ұсынған ақпаратқа сүйенсек, құбырдың жарылған жері анықталып, мамандар апаттық жағдайды жоюға кірісті. 30 жер үй басқа желілерге қосылып, бұл баспаналарға жылу кезең-кезеңмен беріле бастады. Есесіне осы аудандағы тағы 4 көпқабатты тұрғын үйге жылу жетпей қалды.

Жауапты мамандар екі ірі апатты да кешке дейін жоюға уәде беріп отыр. Оған дейін -30 градустық аязда павлодарлықтарға пәтерлерінде бүрсең қағуға тура келетін түрі бар.

Айта кетелік, бұл - облыс орталығындағы алғашқы ірі апаттық жағдай емес. Қараша айының соңында №1 жылу-электр орталығында 800 милиметрлік құбырдан жарық анықталып, 440 көпқабатты баспананың тұрғындары бір тәуліктен астам уақыт бойы жылусыз отырған еді. Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямнің айтуына қарағанда, олқылықтардың жиі орын алуының басты себебі - жылу желілерінің 80%-ының әбден тозығы жетуі. "ПавлодарЭнерго" кәсіпорны ескірген құбырларды жаңартуға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледі. Соған сәйкес, бұл мәселені шешу үшін 5 млрд теңге керек. Бірақ мұндай сома не қалалық, не облыстық бюджетте жоқ.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу