10 қазан күні Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінің тұрғындары – екі ағайынды азамат аң аулауға шыққан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Алайда төрт күннен кейін Вячеслав және Николай Лукьянцевтар жақындарымен байланысқа шықпай қойған. Сол уақытта жақын туыстары "Vita" іздеу жасағы еріктілерінің көмегіне жүгініп, ағайындыны іздеуге кірісті. Еріктілердің айтуныша, "Lada Niva" көлігімен шыққан аңшылар 14 қазаннан бастап туыстарымен хат-хабар алмасуды доғарған. Телефондары өшірулі.
Ал ағайынды аңшылардың жоғалғаны туралы ресми өтініш құзырлы органдарға тек 17 қазан күні түскен. Сол күні сағат 15:29-да Қарасор көлінің жағасынан 15 метр қашықтықта құтқарушылар дрон мен арнайы жабдықтың көмегімен жоғалған адамдардың бірі - 1973 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан шығарды.Екінші адамды іздеу және құтқару жұмыстары жалғасуда. Оған төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, қызметтік иттері бар кинологтар, полиция, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен еріктілер жұмылдырылды.