Павлодарда учаскелік инспекторлардың жедел әрекетінің арқасында тоғызыншы қабаттағы балконнан құлап кету қаупінде тұрған қыз аман қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы шақырту түскен бойда Оңтүстік полиция бөлімінің 15-ші патрульдік полиция пунктінің учаскелік инспекторлары Азамат Әкімжанов пен Алмаз Сағадатов оқиға орнына барған.
Полицейлер келген кезде қыз балкон қоршауының сыртында, бір аяғымен ғана конструкцияға сүйеніп тұрған. Учаскелік инспектор Азамат Әкімжанов қызды ұстап үлгеріп, әріптесімен бірге оны қоршаудан қауіпсіз жерге шығарған.
Кейін қыз медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір ол мамандардың бақылауында және қажетті медициналық көмек алып жатыр.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайда әр секундтың маңызы зор. Полиция азаматтарды қауіпті жағдайға тап болған адамдарға бейжай қарамай, өмірге қауіп төнген жағдайда дереу 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарлауға шақырады.