Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйден қою түтін шығып жатқанын байқап, ішіндегі үш адамды қауіптен аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға патрульдеу кезінде болған. Полиция батальонының қызметкерлері Дәурен Қамзин мен Болат Бекмағамбет үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын көріп, дереу көмекке ұмтылған.
Полицейлер қоршаудан асып өтіп, үйге кірген. Ішін тексеру кезінде екі ересек адам мен баланың барын анықтаған. Ересектер ұйықтап жатқандықтан, үйдегі қауіпті жағдайды байқамаған.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды оятып, қауіп туралы ескертіп, өрт сөндіру қызметін шақырған. Олардың жедел әрекетінің арқасында бір отбасы ықтимал қайғылы жағдайдан аман қалды.
Полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен батыл әрекеті үш адамның өміріне төнген қауіпті дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді.