Павлодарда "сақалды" құрылыстардың саны азайды

Енді олардың жартысын пайдалануға беру керек. 

Павлодарда "сақалды" құрылыстардың саны азайды Фото: obozrenie.kz

Ел көлемінде құрылысы басталып, аяқсыз қалған нысандар аз емес. Жалпы, республикада жұмысы тұралап қалған 156 құрылыс алаңы бар. Оның 10-ы – Павлодар облысында, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Проблемалық құрылыстың тең жартысы Баянауыл ауданында орналасқан. Мұнда жер тасты болғандықтан құрылыс жұмыстарын жүргізу қиын. Су желілерін өткізу тіпті оңай емес. Бірақ көп жағдайда бұл жайт жобалау кезінде ескеріле бермейді. Сол себепті құбырларды салу ісі созбалаңға салынып кетеді. Айталық, мұндағы бес ауыл осыдан бірнеше жыл бұрын орталық су желісіне қосылуы тиіс еді.

Алайда жердің өзіндікі ерекшелігі, басқа да себептерге байланысты бұл мерзім бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. Тек өткен жылдың соңында төрт елді мекендегі тұрғындардың үйіне орталық желі тартылды. Енді Жұмат Шанин ауылындағы құрылыс жұмыстарын аяқтау керек. 

Сол сияқты облыс орталығындағы бұрынғы Алюминстрой шағын ауданындағы екі қабатты ескі үйлердің орнына көпқабатты баспана салу ісі талай жыл бойы тұралап тұрды. 2020 жылдың маусым айында іргетасы қаланған №28 тұрғын үй 2021 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс еді. Бірақ мердігердің жауапсыздығы салдарынан бұл іс те үш жылға кешікті. Көпшілік көптен күткен пәтер кілттерін таяуда ғана алды. 

"Жалпы, Павлодар облысында бұған дейін 10 "сақалды" құрылыс нысаны болған еді. Біздің департамент пен жергілікті биліктің бірлескен жұмысы аясында былтыр жыл соңында бес маңызды нысан қолданысқа тапсырылды. Тағы бес нысан жіті бақылауымызға алынды", - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент өкілдері. 

Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың қатарында жоғарыда аталған Баянауыл ауданындағы орталық су құбырымен қатар, Авиақалашық шағын ауданындағы екі үйдің құрылысы, Ақсу қаласындағы қазандық пен көпқабатты баспана бар. Олардың қай уақытта пайдалануға берілетіні әзірше беймәлім.

Өз кезегінде департамент пен әкімдік қызметкерлері оны жылдамдату үшін бар күшін салып жатқанын айтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу