Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жемқорлардың заңсыз жолмен тапқан қаржысы отандық мектептердің құрылысына жұмсалуы тиіс деген бастама көтерген болатын. Соның негізінде Павлодар облысында алғашқы білім беру мекемесі ашылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
Бұған дейін хабарланғандай, жемқорлар қайтарған қаражаттың 96 млрд 495 млн теңгесіне 62 жобаны қолға алу жоспарланған. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл сомаға өңірлерде оқу орындары салынады. Сондай ғимараттардың бірі – Павлодар қаласындағы Шапық Шөкин атындағы жалпы орта білім беру гимназия-мектебі.
Жалпы, облыс орталығындағы бұл мектептегі бала саны тиісті қуаттылықтан әлдеқайда көп. Әу баста білім ордасы 1420 оқушыға арналса, бүгінде мұнда 2303 бала оқиды. Оның ішінде 1202 шәкірт бастауыш сыныптарда білім алады. Сондықтан осы уақытқа дейін оларға үш ауысымда оқуға тура келген еді. Ал бүгін мектеп жанынан салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, толығымен жабдықталып, облыс басшылығы мен ата-аналарға таныстырылды.
Мектеп директоры Светлана Завальнаяның сөзінше, қосымша ғимарат мектептің негізгі ғимаратынан бөлек орналасқан. Мұнда жеке спорт зал мен мәжіліс залы, қосымша білім беру мен шығармашылықты дамытуға арналған студиялар бар.
"Қосымша ғимаратта бастауыш сынып оқушылары білім алатындықтан, нысанның оларға барынша ыңғайлы болуын қаладық. Сол себепті дәліздер кең, жеке асханасы, залдар мен студиясы қарастырылған. Жазғы, қысқы спорт түрлерімен, шығармашылық үйірмелерімен айналысуға мүмкіндік көп. Медициналық пункт, психолог, логопед кабинеттері де жұмыс істейді", - дейді мектеп директоры.
Сонымен қатар, мектепте ерекше қажеттілігі бар 21 бала білім алатындықтан, оларға да барынша оңтайлы жағдай жасалды. Пандустар, кең есіктер, арнайы санитарлық аймақтармен қатар, лифт қойылды.
Бастысы, енді мектеп-гимназия балалары екі ауысымдық оқу жүйесіне көшетін болады. Ал бұл ғимараттың құрылысы мен жалпы жабдықталуына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.