Павлодарда шыбын-шіркейді улау жұмыстары басталды

1188

Барлығы 27 мың гектар аумақ өңделмек. 

Павлодарда шыбын-шіркейді улау жұмыстары басталды

Ертіс өзенінің жағасында орналасқан Павлодар облысында шыбын-шіркей тұрғындардың мазасын әбден алады. Кейбір ауылдарда қансорғыштардың көп болатыны соншалық, адамдар далаға шығып, кең тыныстаудан қалады. Тіпті, үй құстары қырылып жатады. Сондықтан жыл сайын мазаны алатын масаларды улауға қатысты шаралар жүргізіледі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Биыл мемлекеттік конкурс нәтижесінде ғылыми сүйемелдеуді "ТЕК.А.ТЕК", ал дезинсекциялық шаралар жүргізуді "Казахсельмаш-Строй" компаниялары жеңіп алды. Олар алдағы үш жыл бойы облыста қансорғыштармен күрестің нәтижелі болуына жауапты. Атап айтқанда, ғалымдар қай жерде қанша шыбын барын, оларды улау жұмыстарын қашан және қалай жүргізу керек екенін айтады. Мамандар белгіленген аумақтарды биологиялық, химиялық препараттармен өңдейді. Сол үшін мемлекеттен 1,5 млрд теңге алады. Бұл ретте жергілікті билік өңдеу жұмыстарының нәтижесі 80%-дан асқанда ғана тиісті қаржының мердігерлердің шотына аударылатынын айтты.

Осыдан үш күн бұрын "Бактицид" атты биологиялық препараттың алғашқы 40 тоннасы Ресейдің Новосібір облысынан жеткізілді. Бірнеше күн аралығында тағы 30 тоннасы келуге тиіс. Мамандардың есептеуі бойынша, шыбын-шіркейді улауға бұл көлем жеткілікті. Құрғақ препаратты сумен араластырып, нәтижесінде 210 тонна сұйықтық алады. Кейін оны Ертіс өзеніне құйып, өзеннің 1,1 мың шақырым жағалауына шашады. Жалпы, барлығы 27 мың гектар аумақ өңделмек. Ол үшін шашырату құралдары, "ыстық тұман" генераторы, екі АН-2 ұшағы пайдаланылады.

 "Казахсельмаш-Строй" ЖШС өкілі Қайрат Байбосыновтың айтуынша, "Бактицидтің" адамдарға, жануарлар мен өсімдіктерге кері әсері жоқ. Ол тек шыбын-шіркей дернәсілдерін жояды. Ал жетіліп шыққан қансорғыштарға қарсы "К-Отрин" химиялық препараты қолданылады. Жақын күндері оның 2,3 тоннасы жеткізіледі.

"Біздің компанияның бұл салада айтарлықтай тәжірибесі бар. Бұған дейін бірнеше жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке үйлер ауданында дезинсекциялық жұмыстар жүргізген болатынбыз. Әрине, Павлодардағы жұмыс одан ауқымды. Баржа арқылы өңдеуді бірінші рет жасағалы отырмыз. Десе де, бәрі ойдағыдай боларына сенім мол", - дейді Қайрат Байбосынов.

1 мамыр күні Теплая өзеніне 1,5 тонна "Бактицид" құйылды. Бүгін биологиялық препарат арқылы Ертіс өзені мен оның жағалауын өңдеу басталды. Жұмыстардың барысын үкіметтік емес ұйым мүшелері, депутаттар мен қоғам белсенділері қадағалайды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу