Павлодарда тағы да балабақша қаржысын жымқырғандар анықталды

Павлодарда балабақша бюджетіне қол салу тыйылар емес. 

Павлодарда тағы да балабақша қаржысын жымқырғандар анықталды Фото: canva.com

Бұл жолы облыс орталығындағы мектепке дейінгі білім беру мекемесінің есепшісі мемлекеттік қазынаның 10 млн теңгесін қалтасына басқан. Ол бұл әрекеті үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сот материалдарына сүйенсек, 1997 жылы туған жігіт осы жылдың 1 ақпанында №27 балабақшаға жұмысқа орналасқан. Арада небары бір ай өткен кезде мекеме басшылығы жаңадан қабылданған қызметкердің ісінен шикілік байқаған. Мұндай күмәннің пайда болуына балабақша қызметкерлерінің кейбіріне жалақының түспеуі себеп болған. Сол кезде директордың міндетін атқарушы жалықыны аудару базасын тексеріп, шотта 3 млн теңгенің орнына шамамен 600 мың теңге ғана қалғанын анықтаған. Басшы қаржылай шығындар туралы есепті талап еткен кезде бухгалтер жігіт жұмысқа шығудан бас тартып, түрлі сылтауды ойластырған. Тіпті, әкесі қайтыс болып, анасы ауыр сырқаттанып қалғанын алға тартқан. Бірақ бұл да жалған болып шықты. Балабақша басшылығы бухгалтердің жақындарының бәрі дін аман екенін анықтаған. 

Ал арнайы жүргізілген тексеріс балабақша шотында 10 млн теңге жетпейтінін көрсетті. Соның барысында әлгі есепші жігіттің бір ай аралығында өз шоттарына 40 мың теңгеден 1,8 млн теңгеге дейін аудару бойынша заңсыз операциялар жүргізген былығының беті ашылды. 
Мұндай қитұрқы әрекетке барған жас есепшінің ісі сотқа түсіп, соның барысында ол мемлекетке келтірілген шығынды жартылай өтеді. Сот отырысы барысында кінәсін толығымен мойындап, қомақты сома несиелерді өтеу үшін керек болғанын айтты. 

Істі егжей-тегжейлі қараған сот бухгалтер қызметін пайдалана отырып ірі сома жымқырды деген айып толығымен дәлелденді деген шешім шығарып, айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, темір тордың арғы жағынан шыққан соң үш жыл аралығында есепшілікпен қызметпен айналысуына тыйым салынды. Ал балабақшаға 8,2 млн теңге төлеуге міндеттелді. 

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Өкінішке қарай, Павлодар облысында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қазынасына қол салу "дәстүрге" айналып бара жатқан сыңайлы. Жыл басында Павлодар облысындағы тағы бір балабақшаның директоры мен есепшісіне қатысты сот үкімі шыққан болатын.

Олардың 7 жыл бойы бюджет қаражатын жеке қажеттілігіне пайдаланып келгені анықталды.

Сол аралықта мемлекетке 63 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта балабақша директоры Абай облысындағы түзету мекемесінде жазасын өтеуде. Ал есепшінің бес жасар қызы бары ескеріліп, жазасын өтеу мерзімі бес жылға кейінге шегерілді. 

Сол сияқты мамыр айында Железин аудандық соты "Балапан" балалар бақшасы директорының міндетін атқарушыны бюджет қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Белгілі болғандай, ол 2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың желтоқсан айы аралығында өзінің жеке банк картасының шотына 4 млн 779 мың 228 теңге аударып алған. Бұл ауыр жемқорлық қылмыс болып саналады. Айыпталушының кінәні мойындауы, қылмысты жасағаны үшін өкінуі, сондай-ақ шығынның бір бөлігін өтеуі ескеріліп, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын. Әйел адамның екі кішкентай баласы бары ескеріліп, жаза үш жылға шегерілді. Яғни, ол үш жылдан кейін ғана темір тордың ар жағына тоғытылатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу