Павлодарда тағы да блок-бекеттер қойылады

1592

Облыс індетті жұқтырғандар саны бойынша "сары аймаққа" кірді.

Павлодарда тағы да блок-бекеттер қойылады

COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды. Облыс орталығындағы кардиологиялық, онкологиялық орталықтардың, №1 қалалық емхананың және жедел жәрдем станциясының коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына дайындық, жалпы жұмыс барысы таныстырылды.

Вице-премьер нысандарды аралаған соң өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді. Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап көрсетті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.

"Бүгінде коронавирусқа қарсы бірқатар шаралар қолға алынды. Материалдық-техникалық база күшейтілді. Дегенмен, індет дендеп барады. Маскалық режим СOVID-19-дан 30%, әлеуметтік қашықтық 40% сақтануға кепілдік береді. Жергілікті әкімдер жұртшылыққа осыны түсіндіруі керек", - деді вице-премьер.

Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары ауылдық жерлерде ПТР зертханасының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімділігін тез арада шешуді тапсырды. Жиын соңында өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 9 қарашадан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды жүктеді. Жаңа шектеулерге сәйкес:

· Павлодар қаласының периметрі бойынша блок-бекеттер орнатылады

· Күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер қойылады.

· Павлодар-Алматы бағытындағы әуе рейстері аптасына 10 рейстен 5 рейске дейін, Павлодар-Нұр-Сұлтан қатынасы 3 рейстен 1 рейске дейін, Павлодар-Шымкент аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін қысқартылады

· Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін азайып, облыс ішінде аялдамайтын болады (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда)

· діни объектілер, театрлар, кинотеатрлар мен мәдениет мекемелерінің есіктері қайта жабылады

· қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы сағат 20:00-ге дейін шектеледі

· офлайн режимде кеңестер өткізуге шектеу қойылады

· қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді

· 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу үшін ғана сыртқа шығуға кеңес беріледі.

Демалыс және мереке күндері:

· қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтайды

· жабық және ашық базарлар жұмыс істемейді

· моншалардың, сауналардың жұмысы тоқтайды

· қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіріледі.

Ажар Дәулетова

Фото: Ольга Бугаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу