Тауарлы сүт фермасы 1200 басқа арналған. Әзірге Даниядан ірі қараның Голштино-фриз тұқымынан 476 сиыр әкелінді. Олар бұзаулаған соң, сауын басталады. Шаруашылықта қазір 40 адам жұмыс істеп жүр. Ал алдағы уақытта тұрақты жұмыс орындарының саны 70-ке дейін көбеймек. Бір айта кетері, аймақта қазір 36 тауарлы сүт фермасы бар. Олардың 13-і соңғы екі жылда салынған. Нәтижесінде сүт өндірісі екі есе ұлғайып, асыл тұқымды мал басы артты.
"Бұл жобаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Соның арқасында бір жылдың ішінде осы кешен құрылысын аяқтадық. Жұмысқа жақын маңдағы ауыл тұрғындарын алып жатырмыз. 70 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал көктемде малдың жем-азығын дайындау сынды маусымдық жұмыстар басталады. Күзде жиын-терім бар. Оған да ауыл адамдарын жұмылдырамыз", - дейді ферма басшысы Қуаныш Темірғалин.