Павлодарда той қонақтары жаппай уланған соң мейрамхана өз жұмысын тоқтатты

Той өткізу орнына қатысты қылмыстық іс қозғалды.  

Павлодарда той қонақтары жаппай уланған соң мейрамхана өз жұмысын тоқтатты Фото: freepik

2025 жылы маусым айының 7 және 8 күндері облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде қыз ұзату мен мерейтой өтті. Меймандардың басым бөлігі астан уланып, кейбірі ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Атап айтқанда, екі күн қатарынан өткен тойда қонақ болған 67 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның қатарында 27 адам ауруханаға түссе, тағы 40 қонақ амбулаторлық жағдайда ем қабылдады. Зертханалық жұмыстар нәтижесінде көпшілігінен сальмонеллездік энтерит анықталды.  

Санитарлық-эпидемиологиялық департамент мамандары мейрамханада талдау жұмыстарын жүргізді. Соның барысында ас үйдегі ыдыс аяқтан сальмонелла, "алтын" стафилококк, ішек таяқшасы табылды. Бұл бактериялар дайын тамақтан да, шикізаттан да анықталды. Оған қоса, мейрамхананың кей қызметкерлерінде санитарлық кітапша, ал тойхананың өзінде санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жоқ екені белгілі болды. Яғни, кей рұқсатқағаздары болмаған. Енді аталмыш тойханаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

"Павлодар қаласы полиция басқармасы орталық полиция бөлімі Қылмыстық Кодекстің 304-бабы 1-бөліміне сәйкес "Санитарлық ережелердің немесе гигиеналық нормативтердің бұзылуы" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері, жәбірленушілерден жауап алу жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындау мәселесі қарастырылуда", – деп хабарлады жергілікті прокуратура өкілдері. 

Аталған бап бойынша 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы немесе жауапты тұлғалар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ал бұл уақытта той өткен мейрамхана әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қызметкерлерді таратып, жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу