Оқиға кезінде зардап шеккен азамат күнделікті жаяу жүргіншілер жүретін жолмен келе жатқан. Кенет аяқ астындағы жер опырылып, ол ыстық суға түсіп кеткен. Оқиға сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тарады.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы ер адамның ауруханаға жеткізілгенін растады.
"Науқастың екі сирағын 2-3 дәрежелі термиялық күйік шалған. Денесінің шамамен 7 пайызы күйген. Ол Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр", – деп хабарлады ведомство.
Зардап шеккен азаматтың туыстары оқиғаның мән-жайын толық тексеріп, жауапты тұлғаларды анықтап, заң аясында шара қолдануды талап етуде.
Ал "Павлодар жылу желілері" ЖШС аталған аумақта жылу құбырының зақымданғанын хабарлады. Компанияның жедел апаттық бригадасы оқиға орнына барып, ақауды жою және аумақты қалпына келтіру жұмыстарын бастаған.