Павлодарда түнгі сот 400-ден астам істі қарады

902

Бұған дейін жол апатына қатысты істер 90 күн қаралса, түнгі сот екі аптаның ішінде шешім қабылдайды. Бастысы, тараптар кешкі уақытта сотқа келуге келісім беруге тиіс.

Павлодарда түнгі сот 400-ден астам істі қарады

Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты "Түнгі сот" пилоттық жобасы аясында 441 істі қарады. Оның 129-ы жол-көлік оқиғасына қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Мәлік Майсақановтың айтуынша, облыс орталығындағы мамандандырылған әкімшілік соттың судьялары шілде айының соңында түнгі уақытта да жұмыс істеуге көшкен. Яғни, сот төрешілері жол-көлік оқиғаларына қатысты істерді жұмыс уақытынан тыс кезде қарайды.

"Қазіргі уақытта судьялар ұсақ құқықбұзушылық, көші-қон мәселесі, отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты істерді де түнде қарайды, - дейді Мәлік Майсақанов. - Бұл үрдіс Жоғарғы сот төрағасының Сингапур мемлекетіне барып келген сапарынан кейін енгізілген. Нәтижесінде "Түнгі сот" пиолттық жобасы аясында кешкі сағат 18.30-дан 22.00-ге дейін жұмыс жүргізіледі. Мұндай жаңашылдық Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларының соттарында енгізілген".

Судьяның айтуынша, келіп түскен істің жұмыс уақытынан тыс сот үдерісінде қаралуы үшін жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеуге, дау-дамай туғызбауға және істің жұмыс уақытынан тыс кезде қаралуына келісуі керек.

"Басында түнгі сотта тек жол апатына қатысты істер ғана қаралуы керек еді, - дейді Мәлік Майсақанов. - Бірақ халыққа ыңғайлы жүйе болғандықтан, қызмет көрсету аясы кеңейтілді. Жол-көлік оқиғасын қоспағанда 300-ден астам іс ұсақ құқықбұзушылық, көші-қон мәселесі, отбасылық-тұрмыстық қатынастарға байланысты болып отыр".

Айта кетерлігі, бұған дейін жол апатына қатысты істер 90 күн қаралса, түнгі сот екі аптаның ішінде шешім қабылдайды. Бастысы, тараптар кешкі уақытта сотқа келуге келісім беруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу