Павлодарда Универсиада алауын жағуға дайындық кезінде студенттің беті күйіп қалды

985

Павлодарда Универсиада алауын жағуға дайындық кезінде студенттің беті күйіп қалды

Павлодарда Универсиада эстафетасының алауын жағу салтанатының дайындық кезінде бетін қатты күйдіріп алған С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің студенті ауруханаға түсті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Сценарий бойынша Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейнесін сомдаған Бәкіжан Кәкім шырақты қолына алып, қазандыққа орнату керек болған. Содан кейін шыраққа газ беріліп, алау лап етіп жанады. Дегенмен ол шырақты қазандыққа орната берген кезінде ұйымдастырушылар кенеттен газ беріп қалған. Нәтижесінде алау лап етіп, Бәкіжанның бетін шарпып кеткен. Жедел жәрдем салтанатты шара аяқталған соң ғана келген. Ал бетін от шалған студент өзіне артылған міндетті соңына дейін орындап шыққан.

"Оқыс жағдайдың орын алғаны рас. Оқиғаның аты шулы болып көрінгенімен, студенттің денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ", - деп жауап берді ЖОО-ның баспасөз қызметі.

"Дәрігерлер бетімде ешбір іздің қалмайтынын айтып сендіруде. Бірақ оған сене алмай тұрмын. Ауруханада бір аптадан аса уақыт жатуым мүмкін", – деп жауап берді Бәкіжан Кәкім.

Бәкіжан Кәкім қазақ филологиясы мамандығында білім алып жатқан екінші курс студенті. Ол республикалық Оралхан Бөкей оқуларының жеңімпазы, ақын. Өлеңдері облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда жарық көрген.

Естеріңізге сала кетсек, кеше С.Торайғыров атындағы ПМУ-де 28-інші бүкіләлемдік қысқы Универсиада эстафетасының алауы жағылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу