Павлодарда Отан қорғаушылар күніне арналған веложарыс пен жеңілатлетикалық кроссқа 3000-нан астам адам жиналды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі спорт секторының меңгерушісі Күмісай Асайынованың айтуынша, қатысушыларды тіркеу Шөкин көшесі, 2/2 мекенжайында орналасқан өзен портында басталған.
Бүгінгі спорттық шара туралы әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру берілген. Нәтижесінде қала тұрғындары мен жастар өз еріктерімен велосипедтерін алып келіп, қатысуға ниет білдірген.
"Біз веложарысқа жыл сайын қатысамыз. Биыл үшінші рет келіп отырмыз. Ұйымдастыру деңгейіне көңіліміз толады. Біздің спорт мектептен 80 велосипедші келді", – дейді № 1 БЖСМ-нің велоспорт бойынша жаттықтырушысы Тимур Шухратов.