Жергілікті мемлекеттік кірістер органдары сауда орындарындағы тауарлардың сатылым барысын тұрақты түрде тексеріп, кем-кетіктерді анықтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жыл басынан бері 19 тексеріс жүргізді. Соның барысында тауарлардың тиісті құжаттары бар-жоғы қаралды. Белгілі болғандай, кейбір сауда орындары алкоголь өнімдері мен шылымды тиісті рұқсатқағаздарсыз саудалап келген.
"Барлығы 47 мың литр болатын алкоголь өнімдерінің 34 заңсыз айналымы анықталды. Сол сияқты 5160 қорап шылымның тиісті акциздік маркасы болмай шықты", - деп хабарлады салық органдарының өкілдері.
Тәркіленген өнімнің барлығы жойылып, сауда орындарының басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін сатушыларға 15-50 АЕК, сәйкестендіру құралдары жоқ өнімдерді сататын қызметкерлерге 50-500 АЕК, ілескпе құжаттарды ұсынбаған сауда өкілдеріне 10-60 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.