Павлодарда заңсыз еңбек еткен шетелдіктер елден шығарылды. Оларға жұмыс ұсынған павлодарлық кәсіпкер қомақты айыппұл арқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодардағы қалалық фирмалардың бірінің аумағында полиция қызметкерлері заңсыз жұмыс істеген Тәжікстан Республикасының азаматтарын анықтады. Белгілі болғандай, шетелдіктер ел аумағына келгеннен кейін қонақ ретінде виза алған.
"Бұл азаматтар жұмысшы ретінде еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырды. Жүзеге асырылатын қызметтің визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес еместігін білдірген көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылды. Соттың қаулысымен бір шетелдік 5 тәулік мерзімге қамауға алынып, Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу, тағы 5 шетелдікке 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - деді Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді жұмысқа тартқаны үшін фирма иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Кәсіпкерге 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 80 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.