Павлодар облысында заңсыз қоқыс тастаумен күресті күшейту мақсатында жаңа ынталандыру тетігі енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен Экология департаменті, Павлодар қаласының әкімдігі, "Халық Тұмары" мобильді қосымшасын әзірлеуші және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының операторы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Жаңа жүйе аясында құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді қатысқан азаматтарға ай сайын қалалық полигонға қалдықтарды тегін шығаруға арналған талон ұсынылады. Белсенді тұрғындар "Халық Тұмары" мобильді қосымшасы арқылы жолданған құқық бұзушылық туралы хабарламалар үшін жиналған балл негізінде анықталады.
Заңсыз қоқыс тастаушыларды анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен бейнебақылау камераларынан алынған Жедел басқару орталығының деректері де пайдаланылады.
Өткен аптада жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде белгіленбеген орындарға қалдық төгудің үш фактісі және мемлекеттен жалға алынған 2 гектар жер телімінің ірі көлемде қоқыспен ластанғаны анықталды. Кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Соңғы бір айда облыс орталығында 13 ірі рұқсатсыз қоқыс орны тазартылған.
Табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.