Павлодар облысында әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерін баспанамен қамтамыз ету үшін жалдамалы үйлер қарастырылады. Бірақ олар сатып алу құқығынсыз беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, қазір облыс орталығында 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Сарыарқа және Достық шағын аудандарында құрылыс қарқынды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бой көтере бастаған Сарыарқа шағын ауданында енді бес үйді пайдалануға беру қалды. Сөйтіп, бұл ауданда барлығы 42 баспана қолданысқа тапсырылып, құрылысшылар Достық шағын ауданына толықтай бет бұрады. Бұл жаңа ауданда барлығы 906 пәтер болатын 7 үйдің кірпіші қалануда.
Павлодар облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаевтың сөзінше, биыл ел игілігіне 17 тұрғын үйдің кілттері табысталады. Бұл дегеніңіз – 1824 пәтер.
"2023 жылдың республикалық бюджетін нақтылау кезінде әлеуметтік осал топ өкілдеріне жалдамалы баспана алуға 5 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға 591 пәтер келеді", - дейді Азат Сатабаев.
Одан бөлек, тұрғындарды жаңа баспанамен қамту мақсатында Затон және Жастар шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынбақ. Мұнда барлығы 12 500 пәтерді салу жоспарланып отыр. Сол арқылы тағы 33 мың тұрғынның баспаналы болу мүмкіндігі туады.