Павлодарда Жанат Усинді еске алуға арналған республикалық турнир өтеді

1822

Бұл жарыс алдағы Азия чемпионатына іріктеу додасы болмақ. Сары құрлық бәсекесі 2020 жылдың ақпанында Үндістанда өтеді.

Павлодарда Жанат Усинді еске алуға арналған республикалық турнир өтеді

29 қараша – 2 желтоқсан аралығында Павлодар қаласындағы "Баянтау" спорт сарайында ерлер арасында еркін күрестен республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Турнир еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, академик, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Амангелдіұлы Усинді еске алу үшін ұйымдастырылып отыр. Белгілі бапкер атындағы турнир алғаш рет өткізілуде. Болашақта оны халықаралық деңгейге көтеріп, дәстүрлі жарысқа айналдыру жоспарлануда. 

"Турнирге еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар жиналады деп күтілуде. Бұл жарыс алдағы Азия чемпионатына іріктеу додасы болмақ. Сары құрлық бәсекесі 2020 жылдың ақпанында Үндістанда өтеді. Сондықтан, жарысқа кем дегенде спорт шеберлігіне үміткерлер қатысады. Оның үстіне балуандар Токио Олимпиадасы алдында дайындықтарын бір пысықтап алмақ", – дейді еркін күрестен Павлодар облысының бас жаттықтырушысы Ержан Қыстаубаев. 

Бас бапкердің сөзінше, турнирде Павлодар облысының бірінші нөмірлі балуандары бақ сынайды. Олардың қатарында Жанат Усиннің де шәкірттері бар. Атап айтқанда, бұл сында өңір намысын Әбдіманап Байкенже, Ербұлан Сарқытбаев, Саятбек Оқасов, Мамед Ибрагимов, Дәулет Шабанбай секілді шеберлер қорғайды. 

Еске сала кетейік, Жанат Усин 1970 жылы туған. Павлодар облысының тумасы. Өкінішке қарай, 2019 жылдың жазында 49 жасында дүние салды. 

Ол еркін күрестен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еркін күрестен әлем чемпионы (2006 жыл). Қазақстан чемпионатының 8 дүркін жеңімпазы. Орталық Азия ойындарының екі мәрте жүлдегері атанған. 

Жанат Усин аз ғана ғұмырында білікті жаттықтырушы ретінде бірқатар мықты спортшыларды дайындады. Атап айтқанда, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ернұр Қабатаев, XVII Азия ойындарының қола жүлдегері Мамед Ибрагимов Жанат Усиннің төл шәкірттері саналады. 

Сондай-ақ оның екі шәкірті, яғни Дәулет Шабанбай мен Мамед Ибрагимов Олимпия ойындарына қатысқан. Алғашқысы 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында ел намысын қорғаса, соңғысы Бразилияда өткен төрт жылдықтың басты додасына қатысты. Осы орайда, Дәулет Шабанбайдың Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері атанғанын атап өткен жөн. 

Жанат Амангелдіұлы ғалым ретінде де аты алысқа тараған жан. Ол Павлодар облысы спортшыларының ішінен тұңғыш болып Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі атанған. Оның 100-ден астам ғылыми еңбегі отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған. Сондай-ақ ол 4 монография мен 7 оқу құралының авторы. 
Жанат Усин атындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты 30 қараша күні сағат 10.00-ге жоспарланған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу